Атырау, 30 қыркүйек 20:21
 дождьВ Атырау +25
$ 439.37
€ 498.60
₽ 5.22

Қазақстанда автокөлік әкелудің жаңа тәртібі түсіндірілді

77 рет қаралды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстанға автокөлік әкелу және оны рәсімдеу тәртібі түсіндірілді.

Кездесуге мемлекеттік кірістер органдарының, көлік, өнеркәсіп және құрылыс, сауда және интеграция, экология министрліктерінің, ІІМ мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Жиында кедендік рәсімдеу, электрондық көлік құралы паспорты, кәдеге жарату төлемі, техникалық реттеу және мемлекеттік тіркеуге қатысты талаптар қаралды.

Жеке тұлғалар автокөлікті жеке пайдалану үшін әкелген жағдайда жолаушылар кедендік декларациясын қолданады. Үш жылға дейінгі көліктер үшін кедендік төлем мөлшері оның құнына байланысты есептеледі. Ал ескілеу автомобильдер үшін жасына және қозғалтқыш көлеміне қарай есептеу тәртібі қолданылады.

Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін коммерциялық импорттың өз тәртібі бар. Олар тауар декларациясын тапсырып, кедендік алым, импорттық баж және ҚҚС төлейді. Қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын кейбір жеңіл автокөліктерге акциз де қарастырылған.

Жеке тұлғалар әкелетін көліктерді Қазақстанда алғаш рет тіркеу кезінде бірқатар талаптар сақталуы тиіс. Атап айтқанда, көлік Еуро-5 және одан жоғары экологиялық стандартқа сәйкес болуы және оның шығарылғанына бес жылдан аспауы қажет.

Бұл талап бұған дейін Қазақстанда тіркелген автокөліктерге қолданылмайды.

Сонымен қатар бір жеке тұлғаға жылына бір автокөлік қана әкелуге мүмкіндік беру көзделген. Электрондық көлік құралы паспорты да бес жылдан аспаған автомобильдерге рәсімделеді.

Жеке тұлғалар үшін рәсімдеу тәртібі бірнеше кезеңнен тұрады: көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік алу, кәдеге жарату төлемі мен бастапқы тіркеу алымын төлеу, кедендік рәсімдерден өту және мемлекеттік тіркеу.

Кәдеге жарату төлемінің мөлшері өзгермеген. Алайда 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар автокөлік еркін айналымға шығарылғанға дейін утильалымның төленгені туралы сертификат алуы тиіс.

Кездесуде шетелден күмәнді немесе ашық емес схемалар арқылы жеткізілген көліктерді сатып алудың тәуекелдері де айтылды. Мұндай машиналардың кейін шетелде іздеуде немесе кепілде тұрғаны анықталуы мүмкін. Соның салдарынан сатып алушы көліктен де, төлеген ақшасынан да айырылуы ықтимал.

Салалық деректерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 5,6 млн автокөлік бар. Олардың шамамен 44 пайызы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Жаңа талаптардың мақсаттарының бірі — елдегі автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту.

Бүгін, 19:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.