
Астанада егізге жүкті әйелдің екі баласы қайтыс болғаннан кейін қызметтік тергеу жүргізілуде. Бұл туралы пациенттің туыстары хабарлап, жағдайды елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Туыстарының айтуынша, жүктіліктің алтыншы айында бір бала шетінеп кеткен. Дәрігерлер жүктілікті жалғастыруға болатынын айтқан. Бірнеше аптадан соң әйелдің денсаулығында қиындықтар пайда болып, талдаулардың нәтижелері нашарлаған.
Кейін ол перинаталдық орталыққа жатқызылған. Туыстарының сөзіне қарағанда, шұғыл ота жасау туралы шешім бірнеше күннен кейін қабылданған. Екінші бала 31-аптада дүниеге келіп, бір тәулікке жуық өмір сүрген. Отбасы оның өлімін сепсиспен байланыстырады, алайда ресми медициналық қорытынды жарияланған жоқ.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйелдің қазір босанғаннан кейінгі бөлімде ем қабылдап жатқанын және дәрігерлер бақылауында екенін мәлімдеді. Бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
«Тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.
В Атырау +18.1