Атырау, 29 қыркүйек 13:20
 дождьВ Атырау +18.1
$ 441.77
€ 502.38
₽ 5.23

Қазақстанда шекара бұзған шетелдіктерді тасымалдаған заңсыз көші-қон арнасы жойылды

41 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Жамбыл облысының Қордай ауданында Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын Қазақстан аумағына заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен 4 адам ұсталып, қамауға алынды.

Қордай ауданының прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ішкі істер органдарының мамандарынан құрылған арнайы топ бірлескен операция жүргізді. Тексеру барысында белгіленген өткізу пункттерінен тыс жерден заңсыз шекара асып келген 10 шетелдік анықталды. Олар биылғы мамыр-шілде айлары аралығында ел аумағына өтіп, Алматы қаласына бет алған.

Тергеу мәліметінше, заңсыз схемаға Қазақстанның 3 және Қырғызстанның 1 азаматы қатысқан. Топ мүшелері міндеттерді өзара бөліп алған: Қырғыз Республикасының азаматы шетелдіктерді Мемлекеттік шекараға дейін сүйемелдеп жеткізсе, оның қазақстандық сыбайластары шекарадан өткен мигранттарды қарсы алып, Алматыға тасымалдауды қамтамасыз етіп отырған.

Қазіргі уақытта ұсталған төрт күдіктіге қатысты да қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Олардың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы 2-бөлігі («Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жария етілмейді.

Қордай ауданының прокуратурасы Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту және көші-қонды заңсыз ұйымдастыру ауыр қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Қазіргі уақытта шекара аймағында заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгін, 12:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.