Атырау, 29 қыркүйек 11:44
 дождьВ Атырау +18.1
$ 441.77
€ 502.38
₽ 5.23

Қазақстанның бес өңірінде жылу берілді

60 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанның бірқатар өңірінде жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалды. Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге дайындықты жеделдетуді және ең алдымен әлеуметтік нысандарды — балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен емханаларды жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жылыту маусымына дайындық мәселесі Үкімет отырысында қаралды. Бектенов жылу беру белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс екенін, ал әкімдер энергия кәсіпорындарына дайындық паспорттарын беруді жеке бақылауға алуы қажеттігін мәлімдеді.

«Ең алдымен әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу беруді бастау қажет», — деді Премьер-министр.

Үкіметтің мәліметінше, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылу беріліп қойды. Апта соңына дейін орталық, батыс және шығыс өңірлерде де жылу қосылады деп күтілуде. Бұған дейін билік өкілдері солтүстік және шығыс облыстарда жылыту маусымы 1 қазанға дейін басталуы тиіс екенін хабарлаған болатын.

Энергия көздерінде 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут дайындалды. 17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу толығымен аяқталды, төрт қосалқы станцияда жұмыстар жалғасуда. Жылу желілерінің дайындығы 99%-ға бағаланып отыр — жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымы дайындалды.

Семей қаласына ерекше көңіл бөлінуде, онда дайындық жоспары 82%-ға орындалған.

Жылыту маусымының өтуі бойынша жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Бүгін, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.