Атырау, 29 қыркүйек 11:41
 дождьВ Атырау +18.1
$ 441.77
€ 502.38
₽ 5.23

Солтүстік Қазақстанда роботтандырылған жаңа кондитерлік зауыт ашылды

61 рет қаралды

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында «Бейкертон» зауытының алғашқы өндірістік желісі пайдалануға берілді. Жобаға 37 миллиард теңге инвестиция салынған.

Жаңа кәсіпорын ұзақ сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығарады. Зауыттың өндірістік кешені жалпы екі желіден тұрады. Жоба толық қуатына шыққан кезде жылына 15 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Екінші желі іске қосылғаннан кейін мұнда 378 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорында Австрия, Германия, Италия, Испания және Франциядан жеткізілген заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Өндірістің кейбір операцияларын адамның қатысуынсыз 8 арнайы робот орындайды. Дайын өнім ішкі нарыққа жіберілумен қатар Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады.

Жалпы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 22 қатысушы тіркелген. Инвесторлар қатарында Германия, Италия, Түркия, Ресей, Қытай және басқа да мемлекеттердің компаниялары бар. Арнайы аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы инвестиция көлемі 411 миллиард теңгеден асады. Бұл болашақта аймақта 4,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жергілікті МТРК телеарнасының мәліметінше, іске қосылған желінің қуаты айына 10 млн-ға жуық пончикті құрайды. Қазір кәсіпорында 50-ге жуық адам жұмыс істейді, алдағы уақытта штатты шамамен 400 қызметкерге дейін кеңейту жоспарланған. Өндірістік кешеннің ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды.

Өндіріс процесі — қамыр илеуден бастап дайын өнімді қаптауға дейін — автоматтандырылған. Кәсіпорын сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында өндірілетін жергілікті шикізатты: ұн, жұмыртқа және крахмалды пайдалануға ниетті.

МТРК ақпараты бойынша, зауыт ұзақ сақталатын донаттар шығаруға маманданған және Қазақстан мен Орталық Азиядағы осындай бейіндегі жалғыз кәсіпорын болып табылады. Жобаны жүзеге асыруға төрт жылға жуық уақыт кетті.


Бүгін, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.