
Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, Қарулы күштерді одан әрі дамыту мен кешенді жаңғыртудың негізгі басымдықтарын белгіледі.
Жаңа министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруды және оқыту тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Енді әскери даярлық қазіргі заманғы қақтығыстар тәжірибесіне негізделіп, ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау және байланыс технологияларын қолдануға бағытталады.
Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әскердегі тәртіп мәселесі ерекше бақылауға алынады. Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты психологиялық ахуал қалыптастырып, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алу және оларға қатаң түрде жол бермеу міндеттелді.
Сондай-ақ әскерді басқару жүйесін цифрландыру арқылы басы артық әкімшілік рәсімдер, тиімсіз жиындар мен практикалық маңызы жоқ есептілік қысқартылады. Ал армияны материалдық-техникалық қамтамасыз етуде бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, ашықтықты арттыру талап етілді.
«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Жиын соңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігінде жүргізіліп жатқан кешенді тексеру барысы қаралды. Айтбек Мырзахметов бөлімше басшыларына тексеру комиссиясының жұмысына толық қолдау көрсетіп, қажетті деректерді ашық ұсынуды тапсырды.
В Атырау +22.1