Атырау, 28 қыркүйек 19:10
 дождьВ Атырау +22.1
$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24

​Алаяқтар жаңа әдіске көшті: Курьер болып хабарласып, банк шотын бұзады

74 рет қаралды

Қазақстанның Ұлттық банкі телефон алаяқтарының қазақстандықтарды алдаудың жаңа схемасына көшкенін ескертеді. Енді олар өздерін курьер немесе пошта қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың банк шоттары мен дербес деректерін қолды қылып жатыр.

Қылмыстық схема екі кезеңнен тұрады. Алдымен алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалып, атына сәлемдеме келгенін хабарлайды. Жеткізуді растау үшін SMS-пен келген кодты асығыс сұрап алады. Олар азаматты «қазір жауап бермесеңіз, кезектен айырыласыз» деп сасқалақтатып, хабарламаның мазмұнын мұқият оқуға мүмкіндік бермейді.

SMS-кодты қолға түсірген соң қаскөйлер екінші қадамға көшеді. Келесі қоңырауда олар өздерін eGov (цифрлық үкімет) немесе «Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің» өкілі деп таныстырады. Азаматқа «жеке кабинетіңіз бұзылды» деп қауіп төндіріп, «ақшаны қорғау үшін» «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын айтады. Сондай-ақ сенімге кіру үшін желіні схемаға қатысатын басқа сыбайластарына жалғайды.

Мұндай алаяқтар тұрғындарға психологиялық қысым жасап, жақындарынан немесе банктен кеңес алуына мүмкіндік бермейді. Тіпті телефонды үзбеуді талап етіп, әңгіме құпиясын жариялағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытады.

Ұлттық банк мекеме қызметкерлерінің ешқашан азаматтарға аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын, жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін және банк картасының деректерін сұрамайтынын ескертеді. Сондай-ақ орталық банк тұрғындарды инвестиция салуға үгіттемейді және ақшалай есеп айырысулар жүргізбейді.

Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден үзіп, мекеменің ресми нөміріне өзіңіз хабарласуыңыз қажет. Егер алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, құқық қорғау органдарына арыздану керек. Қосымша кеңесті 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығынан алуға болады.

Бүгін, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.