Қазақстанның "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" мен оның бұрынғы қызметкері Әсем Мустапаева арасындағы жанжал ушығып барады.
Қаржылық ұйымның жаңа басшылығы бүгін Әсемге бөлім бастығы қызметін ұсынды. Бірақ Мустапаева ханым өзін басқарма мүшелігінен көруді қалайтынын айтты.
Естеріңізде болса "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" топ-менеджерлері мен олардың туыстарының қолжетімді баспананы қалай алғанын көпшілікке мәлімдеген келіншек "қызметтік құпияны жариялады" деген себеппен жұмысынан босап қалған еді.
"Өкінішке орай Әсем Амангелдіқызына біздің басқарманың мүшесі болып енгізу сайлау біздің негізі басқарманың құзырына жатпайды. Ол біздің акционеріміз меңгеруші холдинг "Бәйтерек" немесе біздің директорлар кеңесінің құзырына жатады", - дейді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев.
Бірнеше ай бойы жүріп жатқан сот отырысына бүгін де нүкте қойылған жоқ. Шешім ертең белгілі болмақ. Ал Әсем Мұстапаева жұмыссыз жүргені үшін өтемақы талап етіп, моральдық шығынды да өндіріп алмақ. Сұрап отырған сомасының көлемі - 3 миллион теңге.
Дереккөз: 7 арна