Атырау, 25 қыркүйек 17:34
 дождьВ Атырау +26.7
$ 441.89
€ 502.56
₽ 5.19

Қытай Қазақстанда жаңа зауыттар салады

46 рет қаралды

Қазақстанда жаңа зауыттар, жел электр станцияларын, автомобиль кешенін салу және мамандандырылған инвестициялық қор құру жоспарланып отыр. Тиісті он келісім Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен таныстырылды.

Өнеркәсіптік ең ірі жобалардың бірі Абай облысындағы электролиздік алюминий өндіретін зауыт болмақ. Онымен бірге жел электр станциясының құрылысы да қарастырылған. Келісімге облыс әкімдігі мен қытайлық Xinjiang Sanbao Industrial Group және Inner Mongolia Wanjiang Investment компанияларының консорциумы қол қойды.

Сонымен қатар аталған инвесторлар Семейде ағаш-жоңқалы плиталар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Ақмола облысында жел электр стансасы салынады

Бөлек келісім жаңартылатын энергетиканы дамытуға қатысты. Ақмола облысында SUNGROW Renewable Development компаниясымен бірлесіп жалпы қуаты 450 МВт болатын жел электр станцияларының жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Жобаны бірлесіп әзірлеу туралы тағы бір келісімге «Самұрық-Энерго», China Energy Overseas Investment және SANY Renewable Energy қол қойды.

ШҚО-дағы жаңа автозауыт

Шығыс Қазақстан облысында жоғары технологиялық автомобиль жасау кешенін құру көзделуде. Кәсіпорында жеңіл автокөліктер де, мамандандырылған техника да шығарылмақ.

Ниет туралы келісімге ШҚО әкімдігі мен East Motors Corporation қол қойды.

Өз кезегінде Түркістан облысында карбамидті тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жоба «Тұран химиялық компаниясымен» бірлесіп іске асырылады.

Қазақстан мен Қытай инвестқор құрады

Kazakh Invest пен Silk Road Finance Corporation АХҚО базасында мамандандырылған инвестициялық қор құрудың негізгі шарттары туралы келісті. Оны Қазақстандағы келешегі бар жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану жоспарланып отыр.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 ірі бірлескен қазақ-қытай жобаларының портфелі қалыптасқанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, жаңа қор институционалдық капиталды тартуға және ірі жобаларды қоса қаржыландыруға көмектесуі тиіс.

Алматы Гонконг нарығына шығуы мүмкін

Тағы бір келісім Алматының HKEX Гонконг қор биржасында dim sum форматындағы облигацияларды шығару ықтималдығымен байланысты. Құжатқа қала әкімдігі мен Guotai Junan Securities (Hong Kong) қол қойды.

Бұдан бөлек, Алматыда халықаралық брендті қонақүйі және бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен салу жоспарланып отыр. Келісім қала әкімдігі, Everest Development және SunnyWorld Group арасында жасалды.

Қазақстанның Даму банкі де China Construction Bank Corporation Astana Branch банкімен қаржыландырудың алдын ала шарттарын келісті. Қаражатты, атап айтқанда, экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларға бағыттау көзделген.

Бүгін, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.