
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған 19 жастағы Бекет Мырзағалиевтің анасы «Ақ Жайыққа» ұлының ауруханаға жатқызылмағанын, қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты.
«Ақ Жайық» бұған дейін Бекет ауруханада деп хабарлаған еді. Алғашқы сағаттарда ақпарат аз болғандықтан, туыстары Бекеттің тірі қалғанын білгенімен, оны ауруханаға жеткізді деп ойлаған. Тек таңертең Ақтауға жетіп, ұлымен кездескенде ғана оның ауруханада еместігін білген.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Нәтижесінде 14 әскери қаза тауып, үшеуі аман қалған.
Бекет Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шақырылып, №29011 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген.
Анасының айтуынша, қайғылы хабарды ести сала отбасы бірден Ақтауға жол тартқан.
— Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі жас, бұл оқиға олардың өмір бойы есінде қалады, — деді Карлығаш Мырзғалиева.
Ол сондай-ақ қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, бұл трагедияның бүкіл ел үшін ауыр екенін жеткізді.
— Бұл бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір әке-шешелерінің қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық қаза болған жігіттердің әке-шешелеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Енді ешкім мұндайды бастан кешірмесін, — деді ол.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы тергеу аясында анықталуда.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +26.7