
Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза болған үш әскери қызметшінің денелері арнайы рейспен Оралға жеткізілді. Қоштасу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы рейс 25 қыркүйек күні таңертең сағат 08:45‑те Орал әуежайына қонды.
Қаза болған батысқазақстандықтардың есімдері жарияланды:
Жеңіс Темірғалиев
Өмірбек Өмірзақ
Ақжайық Ғилаж
Әкімдік мәліметінше, жағдай облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің жеке бақылауында. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза болғандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, бизнес өкілдері де қолдау білдіреді. Қажетті шаралар қабылданып, жерлеу рәсімдері ұйымдастырылуда.
Қоштасу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді.
Оқиға 2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде болды. Қолайсыз ауа райы салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы ашық теңізге алып кеткен. Құтқарушылар үш адамды шығарып үлгергенімен, 14 әскери қаза тапты.
Қаза болған Ақтау гарнизонының әскери қызметшілеріне қатысты екі бап бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды:
Қызметке салғырт қарау (ҚК 453-бап, 2-бөлік)
Кеме жүргізу қағидаларын бұзу (ҚК 465-бап)
Премьер-министрдің тапсырмасымен вице-премьер Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен Үкіметтік комиссия құрылды. 25 қыркүйек күні Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
В Атырау +23.3