Атырау, 25 қыркүйек 15:20
 дождьВ Атырау +23.3
$ 441.89
€ 502.56
₽ 5.19

Каспийдегі қаза: Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы қамауға алынды

117 рет қаралды

«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы бес жауапты тұлға ұсталды.

Олар қызметке салғырт қарау және кемені жүргізу қағидаларын бұзу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінді. Ұсталғандар қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар. Барлығы Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтаудан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу барысында «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз ауа райы салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.

Қазіргі уақытта ІІМ әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру мен орындау кезіндегі шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі және жауапты тұлғалардың әрекеттері зерттелуде.

Барлық күдіктілердің іс-әрекеттеріне заңға сәйкес құқықтық баға берілмек. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Бүгін, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.