
Маңғыстау облысында Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек жинайтын бірыңғай оператор анықталды. Бұл туралы әкімдік хабарлады.
Мұндай шешім азаматтардың, бизнес өкілдері мен ұйымдардың көмек көрсетуге ниет білдіріп, көптеп жүгінуіне байланысты қабылданды. Қаражатты орталықтандырылған түрде жинау көмек көрсету үдерісін жүйелеп, алаяқтық тәуекелін азайтуға бағытталған.
Ресми оператор ретінде «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі белгіленді. Әкімдік барлық жиналған қаражат тек қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталатынын атап өтті. Қаражаттың жұмсалуы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.
Әкімдік мәліметінше, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері осы уақытқа дейін 815 млн теңге көлемінде көмек жинаған.
Азаматтарға ақшаны жеке банк карталарына, жеке тұлғалардың шоттарына, сондай-ақ белгісіз реквизиттер бойынша аудармау туралы ескертілді.
Қаражат аударуға арналған реквизиттер:
«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі
БСН: 090140013447 Банк: «Alatau City Bank» АҚ
БСК: TSESKZKA
ЖСК: KZ03998PTB0000488655
Валюта: KZT
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде әскери қызметшілер қаза тапты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.
25 қыркүйек Қазақстанда әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
В Атырау +23.3