
Алматыда тұрғынды қала сыртына алып кетіп, тапаншамен қорқыту арқылы 3 миллион теңге бопсалаған төрт адам ұсталды. Қылмыстық топ өздерін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (ҰҚҚКБ) қызметкерлері ретінде таныстырған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметінше, оқиға 10 тамызда болған. Күдіктілер алдын ала сөз байласып, жәбірленушінің соңынан аңдып жүрген. Кейін оны тапаншамен қорқытып, көлікке отырғызған да, қала сыртына алып кеткен. Олар жәбірленушіге қысым жасап, туысынан ақша сұрауға мәжбүрлеген. Нәтижесінде жәбірленушінің жақыны олар көрсеткен нөмірге 3 миллион теңге аударған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция бұрын сотталған төрт азаматты құрықтады. Олардың бірі бұрын адам өлтіргені үшін жазасын өтегені анықталды. Ұсталғандардан 2 мылтық, карабин, газ тапаншасы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Осыған ұқсас қылмыстық іс Ақтөбе облысында да қозғалды. Онда да бұрын сотталған жергілікті тұрғын өзін ҰҚҚКБ қызметкерімін деп таныстырып, тұрғындарға психологиялық қысым көрсету арқылы ақша талап еткен.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды қырағы болуға және құқық қорғау органдарының атын жамылғандардың қорқытуына берілмеуге шақырады. Күмән тудыратын жағдайлар орын алса, дереу полицияға жүгіну қажет.
В Атырау +16