Әйгілі миллиардер, "Microsoft" корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс жуырда ғана үлкен экранға шыққан "Мен және сен" картинасының режиссері Сәкен Жолдасты жұмысқа тартып, 100 мың долларлық жалақы ұсынған екен.
Алайда жас дарын АҚШ-та қалып, әлемдегі ең ірі компаниялардың бірінде қызмет етуден бас тартыпты.
"Болашақ" бағдарламасымен АҚШ-та білім алып келген Сәкеннің жасы қазір 27-де. Қатарластарына қарағанда өз бизнесін ерте бастаған жігіттің негізгі мамандығы IT саласы. Тіпті әлемдегі номері бірінші миллиардер Билл Гейтстің жоғарғы технологиялар компаниясында қызмет істеп, онда төленетін жоғары жалақыға қарамай, еліне қайта оралыпты.
"Мен Майкрасофтта 1 ай жұмыс істедім, 100 мың доллар жалақы алып та үлгердім. Тағы бірнеше ай онда жұмыс істесем, айлығыма қосымша 20 пайыз бонус түсер еді. Бірақ бәрін тастап елге қайтуды жөн санадым", - дейді кинорежиссер.
Бұл ерлігін жас режиссер еліне деген сүйіспеншілігімен түсіндіреді. Өзге елде сұлтан болып, компьютердің тетігін басып, қыруар қаржы тапқанша, өз елімде ұлтан болып кинематография саласын дамытайын - деп түйдім дейді ол. Осылайша, "Microsoft" компаниясында жұмыс істеп, бір жылдың ішінде таза миллионер атанудан оп-оңай бас тартқан жігіттің болашақ жоспары мынадай.
"Енді тағы бірнеше картина түсіру жоспарда бар. Енді келесі де ол комедия болмайды, өзге жанрда болып қалар", - дейді ол.
Бүгінде жас режиссердің тырнақ алды туындысы үлкен экранға шығып үлгермей жатып, ең табысты отандық картиналардың қатарына ілікті. Небәрі екі аптаның ішінде "Мен және сен" романтикалық комедиясы оған 60 миллион теңге қаржы түсіріпті.