Атырау, 24 қыркүйек 19:05
 дождьВ Атырау +27.9
$ 445.65
€ 508.71
₽ 5.30

Шекарадан өткені туралы анықтаманы енді eGov арқылы онлайн алуға болады

97 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

ЕGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын кесіп өту фактілері туралы анықтама алу қызметі іске қосылды. Жаңа сервисті ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп әзірледі.

ЖСН бар Қазақстан азаматтары үшін бұл қызмет тегін көрсетіледі және 15 минут ішінде дайындалады.

Электронды анықтамада азаматтың шекарадан өткен күні мен уақыты, бағыты, рейс немесе көлік нөмірі, кірген немесе шыққан елі, сондай-ақ өткізу пункті туралы толық мәлімет қамтылады. Бұл құжат, әсіресе, шетелден телефон немесе планшет әкеліп, оны жеке пайдалану үшін IMEI-кодын тіркегісі келетін азаматтарға қажет.

Сұрауды 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі күнге дейінгі кез келген уақыт аралығына қалыптастыруға болады. Бұл ретте таңдалған кезең үш айдан аспауы тиіс. Егер көрсетілген мерзімде шекарадан өту фактісі болмаса, бұл туралы да анықтамада арнайы белгіленеді.

Қызметті азамат өзіне, кәмелетке толмаған балаларына немесе қорғаншылығындағы әрекетке қабілетсіз тұлғаларға рәсімдей алады. Балаларға қатысты мәліметтер АХАТ жүйесінен, ал қорғаншылықтағы тұлғалар бойынша ақпарат Оқу-ағарту мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің дерекқорларынан автоматты түрде жүктеледі.

Құжатты алу үшін eGov.kz немесе eGov Mobile жүйесінде авторизациядан өтіп, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан кесіп өту туралы анықтама беру» қызметін таңдау, қажетті уақыт аралығын белгілеп, өтінішке қол қою жеткілікті. Дайын анықтама «Жеке кабинетте» қазақ және орыс тілдерінде сақталады.

Ал шетел азаматтары бұл анықтаманы QazETA порталы арқылы ала алады.

Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған бұл анықтама толық заңды күшке ие.

Бүгін, 17:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.