Біліксіз жүргізушілерді дайындаған оқу орындарына айыппұл салынады. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Бүгінде жүргізуші мамандарды даярлау жүйесі сын көтермейді. Қазірде автомектеп ашу үшін ұсыныс-хабарламадан өзге ештеңе талап етілмейді. Жол полициясы оларды тізімдік есепке ғана алады. Жүргізушілерді дайындау ісінде ашықтан-ашық тәртіп бұзушылықтар болған жағдайдың өзінде ІІО мұндай автомектептерді жаба алмайды. Жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдары жылына 200 мыңнан астам кандидатты дайындап шығарады, бірақ олардың үштен бірі не көлікті жүргізу бойынша, не теориялық емтиханды тапсыра алмай жатады. Бұл аталған қызмет түріне мемлекеттік лицензиялауды алып тастаудан туындап отырған жағдай», - деді ол.
Министрдің айтуынша, осының барлығы оқыту және жүргізуші куәлігін беру жүйесін бақылауға алудың жаңа әрі барынша қатаң тетіктерін енгізуді талап етеді.
«Сондықтан заң жобасында оқу орындарының реестрін енгізу жөніндегі функцияларды ішкі істер министрлігіне беру қарастырылған. Реестрге тек кәсіби мамандары бар және қажетті метериалдық-техникалық базасы жасақталған ұйымдар ғана кіретін болады. Жүргізушілерді сапасыз дайындағаны үшін оқу ұйымдарына 50-ден 150-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту енгізілмек. Мұндай тәртіп бұзушылықтар қайталанған жағдайда оқу ұйымдарының қызметі сот шешімімен тоқтатылатын болады. Жүргізушілерді даярлаудың жаңа типтік бағдарламасы әзірленеді», - деді Қасымов.
Дереккөз: bnews.kz