Атырау, 24 қыркүйек 15:11
 дождьВ Атырау +27.7
$ 445.65
€ 508.71
₽ 5.30

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілер қаза тапты

120 рет қаралды

24 қыркүйекте Каспий теңізінің қазақстандық секторында өткен «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде бір топ әскери қызметшіні теңіз толқыны алып кеткені хабарланды.

Бұл оқиға туралы блогер Азамат Сарсенбаев өзінің Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, қаза тапқандар бар екені жөнінде деректер бар. 

Жарияланған скриншотқа сәйкес, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтаудан шамамен 43 шақырым жерде болған. «Қайсар» кемесінен десант түсіру барысында ауа райының күрт нашарлауынан шамамен 17 әскери қызметші суға кеткен. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша сегіз адамның денесі табылғаны айтылды, бірақ бұл ақпарат әлі нақтылануда. Қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр.

Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, үш жүзу құралы, төрт әскери кеме және Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды. Сонымен қатар ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағын жіберу жоспарланған.

Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме дайындап жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуына 500-ден астам әскери қызметші, әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің жағалау күзеті және Әуе қорғаныс күштері қатысуда. Маневрлердің мақсаты – бөлімшелердің өзара іс-қимылын жетілдіру және жауынгерлік дайындықты арттыру.

Қайғылы оқиғаға қатысты толық ақпарат ресми органдар тарапынан кейінірек жарияланатын болады.

Бүгін, 14:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.