
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, қазақ тілінің ешқандай әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз өрісін кеңейтіп, көпшіліктің тіліне айналғанын атап өтті.
Әсіресе жастардың қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлейтіні қуантады. Мемлекет басшысы қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау бүгінде білімсіздіктің белгісіне айналғанын айтты. Бұл – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі.
Сонымен қатар Президент басқа тілдерден бас тарту немесе оларды шеттетуге жол берілмейтінін еске салды. Конституцияда азаматтарды тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасына байланысты кемсітуге қатаң тыйым салынған. Тоқаев әлеуметтік желілерде ұлтараздықты қоздыратын арандатушылардың әрекеттеріне назар аударып, олардың мақсаты – қоғамды әлсірету, елдің егемендігіне нұқсан келтіру екенін айтты.
«Олар балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына балта шабуды көздейді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы этномәдени бірлестіктердің өкілдері жоғары конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енгенін хабарлады. Бұрын парламент квотасы бойынша Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының бес мүшесі ғана өтетін болса, енді Халық Кеңесіне этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Бұл олардың Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайтынын көрсетеді. Президент бұл қадам ҚХА миссиясының елдің орнықты әрі табысты дамуы үшін маңызды екенін дәлелдейтінін атап өтті.
Тоқаев қазіргі міндет – өнімді жұмыс істеу екенін, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін жоғалтпай, оны одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты. Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымын әзірлейтін орталыққа айналуы тиіс. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар бір мақсатқа біріктіріліп, өңірлік деңгейде «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестерге кіріп, тұрақты комитеттер мен комиссиялардың жұмысына қатыса алады.
Президент жаңа мүмкіндіктер айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескертті.
«Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен», – деді ол. Осылайша, Тоқаев мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мен этносаралық келісімді сақтауды елдің тұрақтылығы мен болашағы үшін басты басымдық ретінде айқындады.
В Атырау +24.3