
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ардақ Темірханұлы Зебешевті Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындады.
Мемлекет басшысы тиісті өкімге қол қойды.
Тағайындауға дейін Зебешев СІМ Инвестиция комитетін басқарған болатын, бұл қызметке ол 2026 жылғы маусымда қайта оралған еді. Бұған дейін ол аталған комитетке 2021 жылғы қыркүйектен 2024 жылғы ақпанға дейін жетекшілік еткен.
2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы маусымға дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
Ардақ Зебешев 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша аяқтаған.
2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша King’s College London-да мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды. Сондай-ақ Ұлыбританиядағы Warwick Business School бизнес-әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасында бас маман болып бастаған. Әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде және Премьер-Министр Кеңсесінде жұмыс істеді.
2016–2018 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының хатшылығын басқарды, 2018–2019 жылдары Премьер-Министр орынбасарының – Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі болды.
2019 жылғы сәуірде СІМ Инвестиция комитетінің Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру басқармасын басқарды. 2020 жылғы наурызда комитет төрағасының орынбасары, ал 2021 жылғы қыркүйекте оның төрағасы болды.
В Атырау +32