
Талдықорғанда 44 жастағы жергілікті тұрғын TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылықты Жетісу облысының Полиция департаментінің қызметкерлері қазақнетке кезекті мониторинг жүргізу барысында анықтаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әйел бұған дейін де осындай әрекеті үшін екі рет жауапкершілікке тартылған. Алайда тиісті қорытынды жасамай, желіде қоғамдық тәртіпті тағы да бұзған.
Полиция жинаған материалдар сотқа жолданды.
Істі қарау нәтижесінде Талдықорған тұрғыны кінәлі деп танылды. Оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескере отырып, сот оған әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындады.
Полиция қазақстандықтарға интернет кеңістігі мен көпшілікке арналған тікелей эфирлер Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаудан босатпайтынын еске салды. Қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу жалғасуда.
В Атырау +31.9