
Қостанай облысында лицензиясыз микроқаржылық қызметпен айналысып, қылмыстық жолмен тапқан кірісін заңдастырған екі жергілікті тұрғын 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленетін болды.
Тергеу мәліметінше, сотталушылар 2024–2025 жылдары өңірдің аудан орталықтары мен кенттерінде «Союз-Костанай», «Экспресс Тенге», «Express Gold» және «Express.com» ЖШС-лары арқылы заңсыз қаржылық желі құрған. Олар тұрғындарға банкке жүгінбей-ақ, зергерлік бұйымдарды кепілге қойып, ақша алуды ұсынған.
Схема бойынша заңсыз микроқаржылық қызмет «комиссиялық сауда» деп бүркемеленген. Шағын несие бергені үшін азаматтардан күн сайын 0,4 пайыз мөлшерінде сыйақы алып отырған. Ал клиенттермен ресми қарыз шарты жасалмаған. Төлемдерді заңды түрде көрсету үшін оны «тауарды кейінге қалдырып сату комиссиясы» немесе «мүлікті сақтау төлемі» деп формалды құжаттарға жазған.
Екі жыл ішінде заңсыз ломбард желісінің қызметін 1 600-ден астам азамат пайдаланған. Осы уақыт ішінде ұйымдастырушылар 579 миллион теңгеден астам заңсыз кіріс тапқан.
Сот шешімімен екі азаматтың мүлкі тәркіленеді. Мемлекет меншігіне өтетін мүліктің қатарында бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі бар.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
В Атырау +19.1