
Семейде 19 жастағы қыздың қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Криминальный Казахстан.
Қайғылы оқиға Водный кентінде болған. Көшеден шыққан айқай-шу естіген жергілікті тұрғындар үйлерінен жүгіріп шығып, ауыр жарақат алған қызды тапқан. Куәгерлер жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен қызға алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан. Алайда оны құтқару мүмкін болмады — алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған.
Болжам бойынша, шабуыл жасаған ер адам оқиғадан кейін бірден ізін суытқан. Куәгерлердің айтуынша, ер адам қоршаудан секіріп өтіп, қашып кеткен. Кейін құқық қорғау органдары оның жеке басын жедел анықтап, ұстады.
«21 қыркүйекте адам өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті анықталып, ізін суытпай ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп түсіндірді Абай облысының Полиция департаменті.
Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметінше, қаза тапқан қыз бен күдікті бір-бірін таныған.
Ал қыздың туыстары әлеуметтік желілерде шабуыл жас жігіттің көңіл білдіруіне қыздың бас тартуынан кейін болғанын айтып отыр. Олардың сөзінше, қайғылы оқиға марқұмның кіші бауырының көз алдында болған. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қылмысқа басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін деген нұсқалар тарауда. Алайда полиция бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда.
В Атырау +19.1