
Премьер-министр Олжас Бектенов қатты шу шығаратын, әсіресе түнгі уақытта тыныштықты бұзатын автокөлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты жұмысты күшейтуді ІІМ-ге тапсырды.
Бұл мәселе Үкімет отырысында жол қауіпсіздігін талқылау кезінде көтерілді.
Үкімет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жүгіне отырып, бұл мәселенің бұған дейін де бірнеше рет талқыланғанын еске салды.
«Оларға қатысты ең қатаң шараларды қабылдау қажет. Әйтпесе олар түн ортасында адамдарға кедергі келтіріп, ұйықтауға мүмкіндік бермей жүр. Қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?» — деп сұрады Бектенов.
ІІМ басшысының мәліметінше, жыл басынан бері осындай 782 факт тіркелген. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 55 адам қамауға алынған. Сондай-ақ тәртіп бұзушылардың автокөліктері мен мотоциклдері айып тұрағына қойылады.
Саденов полицияның мұндай құқық бұзушылықтарды тәулік бойы анықтап жатқанын хабарлады. Жұмыста цифрлық шешімдер, соның ішінде бейнебақылау камералары қолданылады. Бұдан бөлек, тұрғындар шулы жүргізушілер туралы 102 нөміріне хабарлай алады.
Министр бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтты. Бектенов қабылданып жатқан шараларды күшейтуді тапсырды.
В Атырау +17.5