
Атырау облысында жылыту маусымына дайындық аясындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Осындай жұмыстар Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында да аяқталды. Министрліктің мәліметінше, жылу көздерінде жылу беруді бастау үшін қажетті отын қоры мен жабдықтар бар.
Павлодар облысында жылыту маусымы 14 қыркүйекте басталды. Осы аптаның соңына дейін Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына жылу беру жоспарланып отыр. Ал 1 қазанға дейін ауа райы жағдайын ескере отырып, солтүстік және шығыс өңірлердің қалған бөлігінде жылу беріле бастайды.
Жалпы, еліміздегі жылу желілерінің дайындығы 97%-ды құрайды: жоспарланған 377 шақырымның 366 шақырымы жөнделді. Жылу электр станцияларында 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут қоры жинақталған.
Сонымен қатар бірнеше қалада жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Петропавлда жылу магистральдарының дайындығы 95%-ды құрайды, жөндеуді аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған. Степногорск қаласында бұл көрсеткіш 76%-ға жетті, жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр.
Семейде үш жоба бойынша дайындық деңгейі 70%-ды құрайды. Сорғылар мен жылу алмастырғыштарды 26 қыркүйекке дейін жеткізу күтілуде. Сәтбаевта жылу магистралін қайта жаңғырту аяқталды, қазір желілерді шаю және гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жөндеу жұмыстарының аяқталуын жеке бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе Семей, Степногорск және Петропавл қалаларына жылу беруді бастауға ерекше назар аударуды міндеттеді.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаевқа тапсырылды.
В Атырау +17.5