Мүсілім ОңдағановОралда атышулы спорт басшыларына қатысты сот отырысы үлкен даумен аяқталуы мүмкін! Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы сот барысында келеңсіз жағдайлардың орын алып жатқанын жайып салды. Мәселен, айыпталушы жақтың куәгерлері жаппай өзінің алғашқы түсініктемелерінен бас тартып жатыр екен.
Тергеу барысында барлық куәгерлер «іс-сапарларға» деп бөлінген ақшаларды облыстық спорт басшысына өткізіп тұрғандарын егжей-тегжейлі әңгімелеп берген бастапқыда. Алайда қазір сот алдында жауап берушілердің барлығы алғашқы түсініктемелерінен бас тартқан. Прокурорлар бұны Мүсілім Оңдағановтың қылмыстық топпен қоқан-лоққы көрсетуі деп түсінеді. Естеріңізде болса, Оңдағанов қылмыстық топтың ұйымдастырушысы деп те жауапқа тартылуда. Және істі жүргізуші прокурор да өзіне қысым көрсеткенін айтқан болатын. Айта кетейік, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының қылмыстық соты 4 бірдей шенді азаматтың ісін қарастырып жатыр. Жергілікті спорт басқармаларының қызметкерлері 5 жыл бойы қазынадан 200 млн теңге жымқырған деп айыпталуда. Қозғалған қылмыстық іс 100 томнан асады.
Дереккөз: КТК