Атырау, 21 қыркүйек 11:21
 дождьВ Атырау +17.3
$ 446.56
€ 512.34
₽ 5.30

Қазақстанға тікелей рейс: АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі қауіпсіздік аудитін бастады

54 рет қаралды
SOPA Images / LightRocket via Getty Images
SOPA Images / LightRocket via Getty Images

АҚШ Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында елімізде Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) аудитін бастады. 21–25 қыркүйек аралығында өтетін бұл тексеріс отандық азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесін бағалауға бағытталған.

Ұшу қауіпсіздігі халықаралық талаптарға сай тексеріледі

Аудит басталар алдында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Астанаға келген FAA сарапшылар тобымен кездесіп, алдағы бағалау шаралары мен ұшу қауіпсіздігін арттыру бағытындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Тексеріс барысында америкалық мамандар Қазақстанның авиациялық заңнамасын, нормативтік-құқықтық актілерін және мемлекеттің ұшу қауіпсіздігін бақылау қабілетін сарапқа салады. Атап айтқанда, мемлекеттік қадағалау жүйесінің Азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) 1, 6 және 8-қосымшаларында көрсетілген халықаралық стандарттарына сәйкестігі бағаланады.

Делегация құрамына халықаралық авиациялық құқық, персоналды лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы және ұшуды пайдалану салаларының жетекші сарапшылары кірді.

«Air Astana» әуе компаниясына техникалық сапар

Аудит аясында 24 қыркүйекте сарапшылар тобы «Air Astana» әуе компаниясына техникалық сапармен барады. Бұл әуе тасымалдаушысы АҚШ Көлік министрлігіне (DOT) коммерциялық рейстерді жүзеге асыруға өтінім берген болатын.

Сапардың басты мақсаты – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі берген мәліметтердің ашықтығы мен нақтылығын тексеру. Бұл сапар әуе компаниясын инспекциялау болып саналмайды.

Тікелей рейс ашуға бағытталған екі жылдық жұмыс

Бұл аудит – Көлік министрлігі, Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Елшіліктің АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашу бағытында екі жыл бойы жүргізген жүйелі жұмысының жалғасы. Бұған дейін, 2024 жылғы тамызда FAA мамандары Қазақстанда алдын ала техникалық шолу жүргізген еді.

Бағалау аяқталғаннан кейін FAA өкілдері Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне жазбаша есеп ұсынып, қорытынды брифинг өткізеді. Бұл тексерістен сәтті өту — екі ел арасында мұхит асып қатынайтын тікелей рейстерді іске қосуға жол ашады.

Бүгін, 10:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.