Атырау, 21 қыркүйек 10:12
 дождьВ Атырау +17.3
$ 446.56
€ 512.34
₽ 5.30

Тимур Құлыбаевпен байланысы бар компания «Самұрық-Қазынадан» жүздеген млн талап етті

47 рет қаралды
«Самұрық-Қазына» қорының ғимараты / Евротерм.kz
«Самұрық-Қазына» қорының ғимараты / Евротерм.kz

Тимур Құлыбаевтың бизнес-құрылымдарымен байланысы бар «ТЭК-Қазақстан» компаниясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарсы сотқа талап-арыз берді. Талап сомасы 284 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды «Қазақстанның мұнайы мен газы» Telegram-арнасы.

Белгілі болғандай, талап-арыз маусым айында берілген. Компания қордан бұған дейін мүлікті сатып алу-сату шарттары бойынша төленген 239 миллион теңгені, сондай-ақ нысандарға жасалған ажыратылмайтын жақсартуларға жұмсалған шығындардың өтемі ретінде тағы 45,4 миллион теңгені өндіріп алуды талап етіп отыр.

Қазіргі сот талқылауы ұзаққа созылған құқықтық даудың жалғасы болып отыр. 2023 жылы Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты (МАЭС) «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының — «ТЭК-Астана», «ТЭК-Батыс» және «ТЭК-Алматы» компанияларымен 2001 жылы жасасқан мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жарамсыз деп таныды. Кейін бұл құрылымдар «ТЭК-Қазақстан» сауда үйіне біріктіріліп, жанармай инфрақұрылымына құқықтар соған бекітілген.

Активтерді қайтару тарихы

Елдің негізгі теміржол компаниясының жанармай инфрақұрылымы 2001 жылдың қарашасында кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа жақын жеке тұлғалардың қолына өткен.

Арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекет меншігіне қайтару науқаны аясында Бас көлік прокуратурасы аталған мәмілелердің күшін жоюға қол жеткізді. Нәтижесінде мемлекетке 54 нысан — жанармай қоймалары, әкімшілік ғимараттар және қосалқы құрылыстар қайтарылды.

Ашық тізілімдердің мәліметінше, қазіргі уақытта «ТЭК-Қазақстан» сауда үйі» ЖШС-нің құрылтайшылары ретінде «Қамқор менеджмент» ЖШС (қатысушыларының арасында Joint Technologies, Диас Сүлейменов және басқалар бар) және Қазақстан азаматы Луиза Бахтияровна Аканова көрсетілген.

Бүгін, 09:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.