
Ақтау – Бейнеу республикалық маңызы бар жолында екі автокөлік пен түйенің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Бетпе-бет соқтығысу салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алды, деп жазады lada.kz.
Қайғылы оқиға 16 қыркүйекте сағат 20:30 шамасында Жетібай мен Шетпе ауылдарының аралығындағы учаскеде болған.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жолдың жүру бөлігінде тұрған түйені қағып кеткен. Қатты соққыдан шетелдік көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, сол жылдамдықпен екінші Toyota Camry автокөлігіне соғылған.
Төрт адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Екі автокөлік те арнайы айып тұрағына қойылды, бірқатар сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қарбалас тасжолдың жанында малдың бақылаусыз жайылуына жол берген түйенің иесін анықтап жатыр.
В Атырау +25.7