
Астанада World Business Consulting қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Екі жәбірленушіге келтірілген шығын шамамен 23 млн теңгені құрады, деп хабарлады елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Соттың анықтауынша, 2020 жылғы тамыз-қыркүйек айларында алтыншы деңгейдегі директор мәртебесіне ие сотталушы М. қаржы пирамидасына ақша қаражатын тартқан. Бір жәбірленушіге шамамен 8 млн теңге, екіншісіне 15 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.
Әйел кінәсін ішінара мойындады. Прокурор оған алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраса, қорғау тарапы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды талап етті.
Жаза тағайындау кезінде сот залалды ішінара ерікті түрде өтеу фактісін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
М. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот оған бес жыл мерзімге азаматтардың ақшасы мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салды.
В Атырау +25.7