
Ресейдің Астрахань қаласында Каспий маңындағы бес мемлекеттің құтқару қызметтері қатысқан «Каспий-2026» халықаралық кешенді оқу-жаттығуы мәресіне жетті. Бірлескен жиында үздік дайындық көрсеткен Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің екі қызметкері медалмен марапатталды.
Төтенше жағдайларға жедел ден қою және өзара іс-қимыл
Ауқымды жиынға Қазақстан, Ресей, Иран, Түрікменстан және Әзербайжан құтқарушылары қатысты. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді эвакуациялау, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және алғашқы медициналық көмек көрсету әрекеттері іс жүзінде пысықталды.
Оқу-жаттығу кезінде мамандар арнайы техника мен заманауи жабдықтарды қолдану шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар бес мемлекеттің құтқару бөлімшелері арасында жедел ақпарат алмасу және бірлескен операцияларды үйлестіру тетіктері сыналды.
Шара қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен Қазақстан ТЖМ екі қызметкеріне Ресей ТЖМ-нің «Құтқару ісіндегі ынтымақтастық үшін» медалі табысталды.
«Каспий-2026» оқу-жаттығуы өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларға жедел ден қою дайындығын арттыратын тұрақты алаңға айналып келеді. Мұндай іс-шаралар Каспий маңы елдерінің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
В Атырау +4.6