
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында полиция қызметкерлері әйел адамның өліміне күдікті ретінде кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстады. Сот оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, деп жазады astanatv.kz.
Болған оқиға дерегі бойынша Зайсан аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. ШҚО Полиция департаменті қайғылы оқиға дерегін растап, қазір барлық қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Фейктерді теріске шығару
Оқиға аясында әлеуметтік желіде марқұм мұғалім болып жұмыс істеген, ал жасөспірім қылмысқа қауіпті интернет-ойынға қатысқандықтан барған деген қауесет тарала бастады. ШҚО ПД бұл мәліметтерді үзілді-кесілді теріске шығарды:
Марқұмның мамандығы туралы: әйелдің педагог болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Кураторлармен байланысы туралы: тексеру болған оқиғаның «Синий кит» деп аталатын ойынмен ешқандай байланысын анықтаған жоқ.
Құқық қорғау органдары азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөзге сенуге шақырды және көрінеу жалған ақпарат тарату үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.
В Атырау +18.8