Атырау, 16 қыркүйек 17:06
 дождьВ Атырау +30
$ 447.80
€ 516.76
₽ 5.30

Мәжіліс депутаты тарихи ақпаратты тексеретін арнайы жүйе құруды талап етті

Бейнежазба
87 рет қаралды

«Әділет» фракциясының депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлына депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихын бұрмалайтын фейк ақпараттардың көбейгенін айтты. Ол мұндай мәліметтерге тосқауыл қою үшін заманауи медиажобаларды дамытып, жалған деректерге жедел жауап беретін арнайы жүйе құруды ұсынды.

Желідегі күмәнді деректер және халыққа ақпарат жеткізу мәселесі

Депутаттың айтуынша, Президент Ұлттық құрылтайда ұлттың тарихи санасын бұрмаланған мәліметпен улауға болмайтынын қадап айтқан еді. Бүгінде жастар мен жасөспірімдер тарихи ақпаратты негізінен оқулықтардан емес, TikTok, Instagram және YouTube сияқты цифрлық платформалардан алады. Алайда бұл желілерде күмәнді әрі негізсіз деректер өте жылдам таралуда.

Шолпан Каринова ақпараттық саясаттағы бұл олқылық тек тарихпен шектелмейтінін де атап өтті. Өңірлерде халықпен кездесу кезінде азаматтардың елде атқарылып жатқан маңызды реформалардан толық хабарсыз екені белгілі болған.

«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес, оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізе алмауда. Мемлекеттік ақпараттық саясат тек бастамаларды жариялаумен шектелмей, өзгерістерді қарапайым тілмен түсіндіруге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етуі керек», — деді депутат.

«Әділет» фракциясының Үкіметке қойған талаптары

Ұлттық тарихи сананы қалыптастыру және ақпараттық кеңістікті реттеу мақсатында депутат Үкіметке мынадай нақты шараларды қабылдауды ұсынды:

  • Ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басты бағыттарының бірі етіп белгілеу;

  • Желідегі тарихи контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін тексеретін арнайы жүйе қалыптастыру;

  • Тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиажобаларға мемлекеттік қолдау көрсету;

  • TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи әрі тартымды форматта насихаттайтын жобаларды іске асыру;

  • Тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпарат таралғанда оған жедел әрі кәсіби жауап беретін пәрменді тетік құру.

Депутат ақпараттық кеңістіктегі бәсеке тікелей ұлттық санаға ықпал ететінін, сондықтан тарихи шындықты қорғау мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін жеткізді.

Бүгін, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.