
Қарасай аудандық соты актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарып, оны 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Өнер иесі онлайн-платформада бұрынғы жұбайына қатысты көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды malim.kz.
Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы («Онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қаралды. Жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты хабарлағандай, сотталған актер жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен бірге сот жәбірленушінің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес, Нұрсұлтан Жақсыгеннен Сабырәлиеваның пайдасына 5 миллион теңге өндіріледі. Үкім жарияланған бойда жауапкер сот залынан қамауға алынды.
Бұрынғы жубайлар арасындағы сот дауы біраз уақыттан бері жалғасып келген еді. Фариза Сабырәлиева әлеуметтік желіде өзінің абыройы мен ар-намысына нұқсан келтіретін шындыққа жанаспайтын мәліметтердің таралғанын айтып, сотқа жүгінген болатын. Ал актердың өзі бұған дейін атынан жалған парақша ашылғанын мәлімдеп, тағылған айыппен келіспейтінін білдірген.
Үкім жарияланғаннан кейін Фариза Сабырәлиева әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, ар-намысының қорғалғанын және әділдік орнағанын жеткізді.
В Атырау +30