
Соңғы бір жарым айда Қазақстанда трейдинг пен инвестиция деген желеумен жасалған алаяқтықтың 119 фактісі тіркелді.
Қылмыскерлер танымал тұлғалардың дипфейктері мен жалған платформаларды пайдаланып, жоғары пассивті табысқа уәде беріп отыр. Бұл туралы Бас прокуратура ескертті.
Алаяқтық жарнамалар TikTok, Instagram, YouTube және басқа да интернет-платформалар арқылы таратылады. Сенімділікті арттыру үшін қылмыскерлер танымал кәсіпкерлер мен телеарна жүргізушілерінің қатысуымен жалған бейнероликтер жасайды.
Бас прокуратура алаяқтар қолданатын арбалардың қатарында Михаил Ломтадземен байланысты жалған «Kaspi AI» жобаларын, Илон Маскпен байланысты «Quantum AI»-ды, Павел Дуровпен байланысты TON-ды, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» немесе «Газпромға» «халықтық инвестиция» ретінде қаржы салу туралы ұсыныстарды атады. Танымал адамдар мен компаниялардың аталуы олардың мұндай жарнамаға қатысы бар дегенді білдірмейді.
Алаяқтардың құрбандарының бірі Талдықорған қаласының тұрғыны болды. Қыркүйек айында әйел Instagram желісінен акцияларды сатып алу және сату арқылы ақша табу туралы жарнаманы көріп, сілтемеге өтіп, байланыс деректерін қалдырған.
Осыдан кейін онымен белгісіз адамдар байланысқа шыққан. Олардың нұсқауын орындаған қазақстандық әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 7 миллион теңгеден астам ақша аударған. Ақша мен оған есептелген делінген дивидендтер жалған электронды әмиянда көрсетілгенімен, әйел оларды шығара алмаған.
Аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сенбеуге, инвестициялық компанияның лицензиясы бар-жоғын тексеруге және белгісіз адамдардың шоттарына ақша аудармауға кеңес береді. Сондай-ақ бөгде адамдарға банк карталарының деректемелерін, SMS арқылы келетін кодтарды және қаржылық қосымшаларға кіру деректерін беруге болмайды.
В Атырау +30