Өскемендік шенеунік ұрлаған ақшасын қазынаға қайтарды. Кезінде экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін басқарған Жанэт Нұрлан оралмандарға үй салуға бөлінген қаржыны қалтасына басып, қашып кеткен болатын.
Кейін тергеуде жатқан күдікті қолды қылған қаржының 150 миллиондайын кері қайтарып, "Шығыс" ауылындағы 70-ке жуық үйді қайта жөндеп беріпті.
Ұрланған ақша "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынып жатқан "Шығыс" ауылындағы құрылысқа бөлінген. Бірақ үйлер сапасыз салынып, қыс бойы азап көрген оралмандар көктемде Өскеменге кіреберіс жолды жауып тастаған-ды. Кейін тексеру барысында әлі сылағы кеппеген 300-ге тарта үйдің жартысына жуығы жарамсыз екені анықталды деп хабарлайды КТК арнасы.
Оралмандардан жырып, 500 млн теңгені құрылыс компаниясымен қосылып қалтаға басқан осы Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы болатын. Жанэт Нұрлан сол қаржының 150 млн-ын мемлекетке қайтарыпты.
Тек қайтарылған ақшаға үйіміз қайта жөнделді деген Шығыс ауылының тұрғынын көрмедік. Пайдаланып жатқан құрылыс материалдарын да өз ақшаларына сатып алыпты. Ал үйлерді салған фирмадағылардың кем-кетікті қайта жөндеп беретінін естігенде тіпті таң қалды.
"Бір шеге қағып, бір шүрпені бұрап беруге келген бір кісіні көргеміз жоқ. Былтыр өліп қала жаздадық қыста, үсіп-жығылып, биыл амалсыздан өзіміз жөндеп жатырмыз міне",-дейді "Шығыс" ауылының тұрғыны.
Бірнеше ай халықаралық іздеуде жүріп, кейін Шымкентте құрықталған Жанэт Нұрлан қазір абақтыда отыр. Қомақты қаржының орнын толтыру үшін Қаржы полицейлері одан бар дүниесін тәркілей бастаған.
Экс-шенеуніктің абақтыда отырғанынан Шығыс ауылының тұрғындарына келіп кетер ештеңе жоқ сыңайлы. Себебі, бұған дейін сапасыз салынған үйлерде тоңып шыққан жұрт биыл қыста да бүрсеңдеп қалмайық деп баспаналарын өз күштерімен жөндеуге кіріскен. Ал Жанэт Нұрланның мұндағы 70 үйді қайта жөндеп берді деген ақпаратынан жұрт мүлдем бейхабар.
Дереккөз: КТК арнасы