Атырау, 24 қараша 11:45
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Amnesty International ұйымы Испанияның қазақстандық қашқынды қайтару туралы шешіміне қарсы

2 108 просмотра
Испания Жоғарғы сотының Қазақстанға қашқынды қайтару туралы шешімі халықаралық заңнаманы бұзады және тез арада күшін жоюы қажет. Өйткені өз еліне қайтарылғаннан кейін қашқынға күш көрсетіледі деп санауға негіз бар. Бұл туралы Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы мәлімдеді, деп хабарлайды РОСБАЛТ. 

Испанияның Жоғарғы соты 2009 жылы елден қашып кеткен қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтің жеке күзет басшысы, 37 жастағы Александр Павловты экстрадициялау туралы сұрауын мақұлдаған еді. 

«Қазақстандағы азаптау, қинау жағдайлары бізге өте жақсы мәлім және олар құжаттандырылған. Александр Павловты еліне қайтаратын болса, онда оған күш көрсетіледі. Халықаралық заңнамаға сәйкес Испания бұған жол бермеуі қажет»,-деді Amnesty International ұйымының адам құқығы мен лаңкестік әрекетпен күрес мәселелері жөніндегі сарапшысы Джулия Холл.

Қашқынды экстрадициялау туралы түпкілікті шешімді Испанияның Министрлер кеңесі шешеді. Олар сот шешімін ескеруге міндетті емес.

«Қазақстан үкіметі Павлов елге қайтарылған жағдайда оған ешқандай күш көрсетілмейді, ал сот әділ түрде өтеді деп дипломатиялық кепілдік берсе де, испан үкіметі Александр Павловты еліне жібермеуі тиіс. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан үкіметінің мұндай уәделерінің еш мәні жоқ»,-деп атап өтті Джулия Холл.

Естеріңізге сала кетсек, Павлов Испанияда 2012 жылдың желтоқсанында қамауға алынған еді. Осыдан кейін Қазақстан оны экстрадициялауды талап етті. Алдымен экстрадициялау туралы шешім 23 шілдеде Испания Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі Екінші сот коллегиясымен мақұлданса, кейін бұл шешім Жоғарғы соттың пленарлық сессиясында құпталды.

Дереккөз: BNews.kz

11 қараша 2013, 09:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.