«Astana ballet» мемлекеттік театрының әлемдік турне аясындағы алғашқы қойылымы Бейжіңде өтті, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Қытайда концерт афишасын ілу атымен жоқ. Бірақ Бейжіңге Қазақстан мемлекеттік театрының солистері гострольдік сапармен келетіні туралы хабар бір апта бұрын кең тарады. Қымбат орындардың билеті тез сатылып, залда ине шаншыр орын болмады. Бейжіңдік көрермендерге екі сағатқа Қазақстанға саяхат жасауға мүмкіндік берілді. Біздің қыздар өз тарихымызды түрік, кәріс тілінде айтып қана қойған жоқ, Үнді мен Қытай мәдениетін де көрсетті. Әсіресе, соңғы биге Бейжің зиялылары риза болды.
Цай ЖУЙХОА, ЦЗИНЬТАЙ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
-Мен өзге елдің мәдениетін көрсетудің қаншалықты ауыр әрі қиын екенін білемін. Бірақ қазақ қыздары бұл ойымды өзгертті. Олар бізді Қытай биінің тылсым сырына жетеледі. Мен тіпті бұндай таңғажайыпты өзіміздің әртістерден де көрген емеспін.
Қазақстандық өнер ұжымының деңгейі жоғары екенін Мемлекеттік кеңестің мүшесі Ян Цзечиде атап өтті. Ол концертке Қазақстандық тараптың шақыруы бойынша келді.
Ян ЦЗЕЧИ, ҚХР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
- «Astana ballet» ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білемін. Бұл жоба әлемде сіздердің елдеріңіздің экономикалық жағынан ғана емес, мәдени жағы да жоғары екенін дәлелдеп отыр. Маған алғашқы гострольдік сапарларыңыз Пекиннен басталғаны қуантады. Керемет әсер алдым.
Көктемнің басы, қарлығаштың келуін қазақ қыздары әсем суреттеген. Бұл биді «Astana ballet» үшін британиялық композитор Дженкинс музыкасына әйгілі америка хореографы қойған. Бұл қойылым – ұлттық хореграфия мен классикалық заманауи бидің қосындысы. Қытайда қазақ өнер ұжымы тағы бір қойылым қояды. Шанхай кассаларында билет қалмағаны қазірден белгілі болып отыр.
Дереккөз: baq.kz