Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші қазақстандықтың мемлекеттік органдардың жұмысына көңілі толмайды деп мәлімдеді "Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы" қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская.
«Респонденттердің 85% үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған Мемлекет басшысының сын-ескертулерімен толық келісіп отыр. Халық Елбасы тарапынан айтылған сынды негізді және әділ деп бағалауда»,-деп келтірілген Кучинскаяның сөзі орталық коммуникациялар қызметінің сайтында.
Оның айтуынша, халықтың Президентке деген сенімінің деңгейі 97% құрап отыр.
«Мемлекеттік органдардың өз қызметтері туралы халықты хабардар ету белсенділігі де халықтың бұқаралық ақпарат құралдарына деген ықылас деңгейіне әсер етіп отыр. Атап айқанда, қазақстандықтардың 86% мемлекеттік органдардың жұмыстары туралы ақпаратты тележаңалықтардан алатынын айтуда. Соңғы аптада «Хабар», КТК, «Қазақстан», «31 арна» және «7 арна» сияқты негізгі телеарналардың рейтингтері өскенін айта аламыз»,-деді ол.
"Бұл бүгінде телеарналарда көтеріліп жатқан мәселелердің халықты толғандырып отырғанын, халықтың мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелерін, олардың іс-қимылдарының ашықтығын көргісі келетінін көрсетеді", - деп түйіндеді өз сөзін Демократия институтының директоры.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.