
13 тамыз 2026 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, қаңтар-шілде айларындағы ақша-кредит саясатының қорытындысы туралы есепті тыңдады.
Президентке экономикадағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін факторлар және бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндалды. Жылдық инфляция он ай қатарынан төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған қатаң ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы және Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен кешенді шаралары ықпал етті.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің бизнеске берген кредиттері жылдық мәнде 17,1 пайызға артқан. Шағын және орта бизнесті несиелеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдеген. Ал тұтынушылық кредиттің өсімі 21 пайыздан 13 пайызға дейін баяулап, қабылданған пруденциялық шаралардың тиімділігін көрсетті.
Президентке валюта нарығы, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтері, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы ақпарат берілді. 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша олардың жиынтық көлемі 127,3 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 млрд долларға жетті, ал БЖЗҚ активтері 27,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Ұлттық Банк Alatau City қаржы экожүйесін дамытуға арналған шараларды әзірлеп, капитал қозғалысын жеңілдету және инвестиция тарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту, стейблкоин арқылы трансшекаралық төлемдер жасау және токенделген мемлекеттік активтерді шығару жоспарлары таныстырылды.
19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында QR арқылы төлем жасау және телефон нөмірі бойынша ақша аудару мүмкіндігі іске қосылды. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 170 млрд теңге болатын 6,5 млн операция орындалған.
Тимур Сүлейменов инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажетті шара қабылданып жатқанын айтты. Кездесу соңында Президент Ұлттық Банкке бірқатар міндет жүктеп, бағаны тұрақтандырудың маңызын атап өтті.
В Атырау +28.2