Қазақстанның премьер-министрі Серік Ахметов 2013 жылдың соңына қарай республика президентінің тапсырмалары ары қарай орындалмайтын болса, министрлер мен облыс әкімдеріне тәртіптік жауапкершілік шаралары қабылданатынын ескертті.
Сейсенбіде премьер үкімет отырысын аша отырып, министрлер, облыс әкімдері тарапынан Елбасы тапсырмаларын орындау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын айтты. Ахметов Қазақстан ведомстволарының көбінің вице-министрлеріне сөгіс жариялады.
«Қазіргі жағдай жылдың соңына дейін өзгермесе, мен Президенттің атына бірінші басшыларды, оның ішінде министрлер мен әкімдерді жазалау туралы ұсыныстарды енгізу мәселесін қарастырамын»,-деді Ахметов сейсенбіде үкімет отырысында.
«Бірінші басшыларға мемлекет басшысының тапсырмаларын және барлық бағдарлама құжаттарын сапалы және дер кезінде орындау қажеттілігіне назар аударуды тапсырамын», -деп атап айтты үкімет басшысы.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.