Атырау, 24 қараша 10:30
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Назарбаевтың қажылық видеосы» жарты айдан кейін жария болды

7 545 просмотра

YouTube-те «Қазақстан президенті Назарбаевтың қажылық міндетін орындап жүргені жайлы» видео жарияланды. Сарапшы президент «бейтараптық үшін» сапарын құпия ұстайды деп санайды.

YouTube-те қазанның 29-ы күні «Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы қажылық кезінде тәуап етіп жүр» (Нурсултан Назарбаев совершает таваф во время хаджа 2013 года) деген видео жарияланды.



Шамасы, ұялы телефонның камерасына түсірілген, сапасы нашар видеода түрі мен жүрісі Қазақстан президентіне ұқсайтын адам қажылық рәсім кезіндегі киім киіп, ондаған қарулы адамның қоршауымен Қағбаны айналу рәсімін орындап барады.

Видеоны жариялаған SunnaPress.com ислам сайты «видео биылғы қажылық кезінде түсірілген, өйткені елбасының ар жағындағы тәуап жасауға арналған жердегі темір қоршау Меккеде биыл жасалған» деген уәж айтады. Сайт «қажылық кезінде Қазақстан президентін көрген бірнеше қажы бар» екенін де жазып, «президент маңындағы адамдарға» да сілтеме жасайды.

 

«НАЗАРБАЕВ ПЕН ҚҰЛЫБАЕВ, РАҚЫШЕВ ПЕН ҚАДЫРОВ»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қажылық кезінде Меккеде жүргені жайлы хабар шетелдік ақпарат құралдарының кейбірінде жарияланған еді. Мысалы, түркиялық TRT арнасы қазанның 16-сы күні «Түркия президенті 

Абдулла Гүл Меккеде қажылыққа келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескені» туралы шағын хабарлама берген.

Осы хабардан кейін президент Назарбаевтың қажылық кезінде қайда жүргенін қазақстандық оқырмандар да іздей бастаған. 16 қазан күні Facebook әлеуметтік желісіндегі Erlan Ahmedi есімді қолданушы «Елбасы Меккеде Қажылықта. Бірақ біздің БАҚ-та бұл туралы ақпарат жоқ! Неге? Түрік және орыс тіліндегі шетелдік БАҚ бұл туралы жазып отыр. Меккедегі қажылықта жүрген менің таныстарымның айтуы бойынша Елбасы Меккеде қажылықта» деп жазып, түрі Назарбаевқа ұқсайтын адамның суретін жариялаған.

Іле-шала әлеуметтік желілердегі басқа қолданушылар «қажылықта жүрген тағы екі адамның» – Тимур Құлыбаев (президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағасы) пен Кеңес Рақышевтің (Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы, мультимиллионер) фотосын да жариялады. Ол суретте екеуі қажылық киімін киіп, әлдебір мешіттің алдында тұр.

Бұл екі азаматтың суретін көрген өзге қолданушылар осы деректі растап, «қажылықта жүрген Кеңес Рақышев» жайлы тағы бір фотоны жариялаған. Ол суретте Кеңес Рақышевпен бірге Шешенстан президенті Рамзан Қадыров та бейнеленген.


«БІРІНШІ РЕТ ЕСТІП ТҰРМЫН»

Азаттық президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл қажылыққа барған-бармағанын нақтылау үшін Ақорданың баспасөз қызметіне хабарласып, YouTube-те жарияланған видеодан хабардар етті. Аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкер:

– Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын, – деп қана жауап берді.

«Президенті Назарбаев биыл Меккеге қажылыққа барды деген» хабар таратушылардың бірі – Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков.  Ол президент жасаған діни рәсімнің халықтан барынша құпия болуын өзінше жориды.

– Бұл президенттің бірінші рет қажылыққа баруы емес. Өткен қажылық сапарлары да ақпарат құралдарында жарияланбаған. Ол осы арқылы барлық діндерге көзқарасы бірдей екендігін көрсеткісі келеді. Сондықтан өзінің қажылық сапары туралы жариялағысы келмейді, –  дейді Мұрат Телібеков.

Дереккөз: Азаттық радиосы

1 қараша 2013, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.