Айыпталушылар. Фотосурет ©Роза ЕсенқұловаБүтін бір отбасының ойранын шығарып, 4 адамды қырып салған қылмыскерлер қалған өмірін темір торда өткізуі мүмкін.
Естеріңізге салсақ, маусым айында пәтер жөндеуге келген үш қаскөй отағасын алдап үйінен шығарып жіберіп, 2 ұлы мен бір бауырын және әйелін азаптап өлтірген болатын. Бүгін мемлекеттік айыптаушылар өзбек азаматы бастаған сол топқа ең ауыр жаза сұрады. Ал адвокаттар болса қандықол қарақшыларды ақтайтын айғақ таппай дал болды.
Қандықол қарақшылардың қысастығынан қара шаңырағы қара жамылған Ержан Сатыбалды сот процесіне таң алакеуімде келді деп хабарлайды КТК.
Маусымның басында пәтер жөндейміз деп келген ескі таныстары апталдай азаматтың 2 ұлын, бауырын және жұбайын азаптап өлтірген. Қайғыдан қан жұтқан әке ақшаға құныққан азғындарға қарсы жарыссөзде тағы да ашып ашына сөйледі.
"Қаншама елді қайғыдан қан жұтқызып отырсыңдар, жауыздар. Ол да сен секілді адам, ол да сендер секілді бала, ол да бәріміз сияқты ана. Мұндай қайғы-қасіретті дұшпанның да басына бермесін, түнде түсіңнен, күндіз есіңнен кетпейді", - деді ол.
Қаза тапқан балалар мен ананың суреттері. Фотосурет ©Роза ЕсенқұловаОндаған томға жүк болған қылмыстық істе өзбек пен қос қазақ Ата Заңның ең ауыр баптарымен айыпталды. Қарақшылық, аяусыз адам өлтіру дегені бар. Артынша сөз мемлекеттік айыптаушыға берілді. Ол да тосылып қалмады, барлығын басынан аяғына дейін сүт пісірім уақытты түгендеп шығып, судьядан әділ жазаның ең қаталын сұрады.
Прокурор жазаны тәптіштеп оқып жатқанда айыпталушылардың туыстарының етегі жасқа толды. Бірақ бірі де бауыр еті балаларын ақтау үшін үн қосуға дәрменсіз. Адвокаттар да пұшаймен хәлде. Жазаны жұмсартуды сұрағаны болмаса, тағылған айыпқа қарсылық қылмады. Ал қылмыс жасаған үшеу соңғы сөздерін қысқа жеткізіп, кешірім сұрады.
"Туған-туыстарынан кешірім сұраймын, Ержан кешір. Қазақстан халқынан, қазақ елінен өз басымнан кешірім сұраймын. Ауыр күнә жасадым, маған кешірім жоқ. Сот мырза қылмысыма сай жазамды беріңіз", - деді соңғы сөзінде айыпталушы Икболжан Тұрдиев.
"Ондай болады деп мен де ойлаған жоқпын, ұрлыққа дегесін ұрлыққа бардым, ал адам өліміне бармағанмын. Сол үшін сіздерден кешірім сұраймын шын ниетіммен кешіріңіздер. Қайғы сіздерге ауыр тиіп жатыр оны түсінемін", - деп ақталды қылмысын мойындаған таксисит.
Қара шаңырағына жөндеу жасату үшін жүзі таныс келімсекке сеніп қара жамылған отағасы бүгін де қатты қамығып шықты. Тек мемлекеттік айыптаушы сұраған жазаны судьяның құптайтынына сенім білдірді жәбірленушілер. Жалпы бұл сот процесі тыңнан түрен салған жоқ, құрықталғаннан-ақ қолымен қылғандарын мойындарына алған үшеуге сот шешімі келер аптада шықпақ.
Дереккөз: NUR.KZ