Атырау, 26 желтоқсан 00:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Жүргізуші мен дәрігерлер мүгедек қылған қыз

7 406 просмотра

Машина қағып кеткен 20 жастағы қыз дәрігерлердің немқұрайдылығы салдарынан енді ана бола алмауы мүмкін. Оның анасы жазатайым жайтқа себепкер болған жүргізушінің де лайықты жазасын алмағанын айтады. Ол дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағандығынан баласын емдетудің уақытын өткізіп алғанына шағымдануда.

Оқиға өткен жылы Атырау қаласында орын алған. 2009 жылдың 30 қазанында әдеттегідей сабағына бара жатқан Прикаспий колледжі студенті Бибігүл Ыдырысованы Сәтпаев көшесі бойынан көлік қағып кеткен.

- Облыстық ауруханаға түскен қызымды емдеген травматология бөлімінің дәрігері А.Н.Бисенғалиева 6 күн жатқызып «сол жақ жамабасы, оң жақ тізесі жарақаттанған» деген диагнозбен шығарды. Алайда ол жамбасынан баса алмай, қатты ауыратынын айтып шағымданған соң Астраханьға апаруға мәжбүр болдым. Ондағылар «сегізкөздің тұсының мүшеленіп жарылып, жамбасының сол жақ бөлігінің жарақаттанғанын, жамбас бундарының орынынан қозғалғандығы мен құймышағының сынғандығын» анықтады. Ал астраханьдық дәрігерлер жарақат алған сәттен оны орнынан қозғамай емдегенде бұның алдын алуға болар еді дегенді айтып отыр,-дейді Бибігүлдің анасы Қатима Ыдырысова.

СЫРТТАЙ ӨТКЕН СОТ-МЕДИЦИНА САРАПТАМАСЫ

Қ.Ыдырысованың айтуынша, ол қызының денсаулығымен әлек болып жүргенде оны қаққан жүргізуші Қайрат Үмбетовке қатысты сот процесі өтіп, қызының денсаулығына оның қатысуынсыз сот-медициналық сараптамасы жүргізілген. Ол бізге соттың қаулысын, облыстық ауруханадағы медициналық карта көшірмесі мен «Астана қаласындағы тәуелсіз медициналық сарапшылар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің сот медициналық сарапшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, Ислям Нуфтиевтің сараптамасыын көрсетті.

2009 жылғы 3 желтоқсанда істі қараған Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы С.Әбуғалиева жүргізушінің әрекетін ӘҚБК-нің 468-бабының 2 тармағына сәйкес, «жәбiрленушiнiң денсаулығына қылмыстық жазалау әрекетiнiң белгiлерi жоқ зақым келтiрілген» деп бағалаған. Оған 19 440 теңге айыппұл салынып, көлік жүргізу құқынан бір жылға айырылған. Әлбетте сот шешімі талқыға түспейді әрі ол ендігі күшіне енген. Дегенмен, бұл ретте қыздың денсаулығына келген зиянның өтеуі 19 мың теңгемен құтылған әлгі жүргізуішінің мойынында.

Ал Б.Ыдырысованың денсаулығына сараптама жасаған сот медициналық сарапшысы С.Сейдешов аурудың медициналық картасы негізінде мынадай қорытынды шығарыпты: «Азаматша Бибігүл Ыдырысованың сол жақ жамбасының жұмсақ тіндері ісініп, қанталаған. Оның денсаулығына 21 күнен көп емес уақытқа созылатын, жеңіл деп аталатын топқа жататын зақым келтірілген. Мұндай жарақаттар жылжып келе жатқан көліктің алдыңғы бөлігі соққанда болады. «Оң жақ тізесі жарақаты» деген диагноз объективті клиникалық мәліметтермен нақтыланбайды және ауырлық деп саналмайды».

ТӘУЕЛСІЗ МЕДИЦИНАЛЫҚ САРАПШЫ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Істі тексерген астаналық тәуелсіз сот медициналық сарапшысы Ислям Нуфтиевтің жасаған зерттеуі мәселені басқа жағынан көрсетіп отыр. Онда былай деп жазылған:

- Атырау облыстық ауруханасы дәрігерлері Бибігүл Ыдырысованың сегізкөзі тұсының мүшеленіп жарылғанын анықтамаған; Істі сараптаудан өткізген Атырау сот медициналық сарапшысы С.Сейдешов «Сот медициналық сараптауды ұйымдастыру мен өндіріс ережесін» бұзып, Ыдырысованың сараптамаға қатысуын, дәрігер-рентгенологтардың қатысумен қосымша зерттеу жүргізуді талап етпеген, сөйтіп, ақыр соңында Б.Ыдырысованың денсаулығына іс жүзінде тиген ауыр зиянды дұрыс анықтамаған әрі дене жарақатын ешқандай объективті себепсіз нақтылап, қан ұюының салдарын көрсетпеген.

МЕДБАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ УӘЖІ

Атырау облысы бойынша Медицина және фармацевтика қызметін бақылау комитеті департаметінің бастығы Мұрат ҚҰЛБАСОВ жол апатына ұшыраған қыздың жайы туралы хабарды бір жыл өтсе де есіне тез түсірді.

- Мен оларға сотқа арыз түсіру жайлы кеңес берген едім. Неге әлі күнге шағымданбағандары түсініксіз. Әңгіме диагностикалық қателіктер туралы болып отыр. Оны жібергендермен әңгіме бас дәрігердің шаруасы. Біз әрине медициналық қызметке бақылау жасаймыз, ал қателік жіберген дәрігерлердің қандай жауапкершілікке тартылғандары жайлы бас дәрігер бізге есеп береді.

Медициналық қызметті бақылау департаменті дұрыс қойылмаған диагноз жайлы өз қортындыларын әлі жасамаған болып шықты.

- Оған себеп аурудың анасы рентген суреттерін қорытынды жасау үшін сеніп қалдырмады. Ал біздегі ереже бойынша сараптама бір ай ішінде жасалып бітуі тиіс. Одан асып кетсе автоматты түрде іс жабылады. Енді ол кісілер келіп менің атыма арыз жазса мен прокуратура арқылы істі қайта қозғаймын,-деп шенеунік газет арқылы сәлем айтты.

Бірақ медициналық бақылау департменті басшысының айтуынша, тәуелсіз сарапшының қортындысында дәрігерлердің жауапты екені толық зерттеліп көрсе-тілген. Сондықтан олар жергілікті сарапшылар қортындысын күт-пей-ақ құқық қорғау органдарына шағымдана берсе болады.

Дегенмен, Қатима Ыдырысова бұл жауапты теріске шығарып, өзінің  департамент талап еткен құжаттарды, рентген суреттін толық қалдырғанын айтып отыр.

ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ЖАУАП БЕРМЕЙДІ

Жазылған жайдың объективтілігі үшін облыстық аурухананың бас дәргері Айбек ҒҰБАЙДУЛЛИННІҢ пікірін білгім келген. Бірақ ол уақыты жоқтығын айтып, істі орынбасарына сілтеді.

Өкінішке орай Атырау облыстық ауруханасы бас дәрі-герінің емдеу істері жөніндегі орынбасары Сәния БАХТИЯРОВА жауап беруден бірден бас тартты. «Мен бұл жағдаймен таныс емеспін әрі аурудың тарихын көтеріп отыратын уақытым жоқ» деген орынбасар медициналық көмеке бақылау жасау жөніндегі басқа орынбасарымен сөйлесуге кеңес берді. Ал облыстық аурухананың медициналық қызмет сапасын қаматамасыз ету жөніндегі орынбасары Миллят ҚАРАЖІГІТ іссапарда болып шықты.

ЖАН-АЙҚАЙ

Алайда Қатима Ыдырысова жүргізуші мен дәрігерлердің кесірінен қызының тағдырына балта шабылғанын тәуелсіз сараптама анықтағанына қарамастан осы күнге дейін ешкімнің ешқандай жауапқа тартылмағанын айтады.

- Тәуелсіз сараптама дәрігерлердің кінәсін толық көрсетіп отыр. Қызым қазір аяғын толық баса алмайды. Ертең отау құрғысы келсе қайтпек? Оның бала туа алмайтынын түсінетін біреу бола ма? Сондықтан мен бұл істі аяқсыз қалдырмаймын, - деді ол.

Сәния ТОЙКЕН

9 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.