Бокстан Қазақ жерінде дүбірлеп өткен әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Тұңғыш рет қазақстандық былғары қолғап шеберлері жалпы командалық есепте бірінші орын иеленсе, күміс кубалықтардың еншісінде кетті.
Ал Әзірбайжан елінің күрзі жұдырықты жігіттері үшінші сатыдан көрінді. AIBA шешімімен турнирдің үздік боксшысы болып Данияр Елеусінов танылса, үздік бапкер Мырзағали Айтжанов атанды. Бұл жолы Ресей, Украйна және Қытай мемлекеттерінің боксшылары үздіктер қатарынан табылған жоқ.
Украина құрамасы 2011 Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынға қол жеткізгені есімізде. Алматы төрінде өткен байрақты бәсекеде украиндықтар алтыннан құр қалып, бір ғана қоланы қанағат тұтты.
Ал азулы ресейлік боксшылар 1 алтын, 2 күміс, бір қола медальмен төртінші сатыдан әрі асалмай, әзірбайжандықтарға жол берді. Соңғы жылдары Олимпиада ойындарында қазақ жігіттерінің негізгі қарсыластары атанып жүрген Үндістан мен Қытай боксшылары елдеріне жүлдесіз қайтты.
Есесіне, Коста Рика елі бокстан тұңғыш рет әлемдік сынның жүлдесін иеленді. 2015 жылы бокстан әлем чемпионаты Дохада (Катар) өтеді деп жоспарлануда.
Дереккөз: BAQ.KZ