Атырау, 24 қараша 09:29
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстанда арақ-шарап сағат 12-ден кешкі 21-ге дейін ғана сатылатын болады

3 762 просмотра

Қазақстанда арақ-шарап сатуға тыйым салу уақытын ұзарту ұсынылып отыр. Осыны көздейтін заң жобасы қабылданса, қазақстандықтар алкоголь өнімдерін күндіз сағат 12-ден кешкі 21-ге дейін ғана сатып ала алады. Бұл жөнінде бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қаржы министрлігі әзірлеген заң жобасында арақ-шарап сату орны мен уақытын шектеуге, алкоголь өнімінің өндірісі мен саудасының шарттарын қатайтуға, заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге байланысты бірқатар шаралар қарастырылған.

«Заң жобасында күшті алкоголь өнімін күнделікті және демалыс күндеріне бөлмей, сағат 21-ден күндізгі сағат 12-ге дейін сатуға тыйым салу қарастырылған», - деді ол.

Комитет төрағасы бүгінде елімізде арақ-шарап сатуға сағат 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым салынғанын еске салды.

Мұнымен қатар, оның айтуынша, аталмыш заң жобасында спирт пен арақ өндіру бойынша қуатты пайдаланудың ең төменгі пайызы мен алкоголь өнімін көтерме және бөлшек саудада сатушыларға жыл сайынғы лицензиялық алымды енгізу қарастырылған.

«Алкоголь өнімін жанармай құю бекеттерінде, сондай-ақ денсаулық,білім, дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарының, спорт-техникалық және спорт ғимараттарының, стадиондардың аумақтарында сатуға тыйым салу қарастырылған», - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікті күшейту және айыппұл мөлшерін едәуір өсіру тәрізді шаралар ұсынылып отыр.

24 қазан 2013, 13:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.