Мәскеулік Бирюлеводағы оқиғалар қазақстандық ірі қара мал экспортына кері әсерін тигізуі мүмкін, деп қауіптенуде «Қазагро» ұлттық холдингінде.
Батыс Қазақстан облысындағы «Crown Батыс» ЖШС бордақылау алаңынан ағымдағы жылы Мәскеу нарығына 500 тонна премиум-класс санатындағы ет жеткізу шартын орындауын бастаған болатын.
«ҚазАгро» ҰБХ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Crown Батыс» ЖШС өкілдері сөзіне сәйкес Мәскеуге жеткізілген ірі қара мал етінің алғашқы партиясы ресейлік сауда компаниялары, сондай-ақ Кремль жабдықтаушыларының да қызығушылығын туғызды, оған себеп ресейлік мамандардың өткізген лабораториялық зерттеулері Қазақстаннан келген ет өнімдерінің жоғары сапасын дәлелдей түсті. Бордақылау алаңының еті «HALAL» стандартына сәйкес екендігін растайтын сертификатқа ие болды. «Crown Батыс» басшылары ресейлік импортерлердің уақытша қиындықтарына қарамастан серіктестердің алдында барлық міндеттемелерін орындайтынына сенімді.
Еске салсақ, бітім жасауға ағымдағы жылдың шілдесінде «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі басшысы Дулат Айтжановтың ресейлік импортер өкілдерімен өткен кездесуі түрткі болды. Аталған кездесуде қазақстандық өндірушілердің ресейлік ет нарығына, атап айтқанда Мәскеу сауда жүйелеріне кірудің өзекті мәселелері қарастырылған. Кездесу барысында ресейліктер қазақстандық еттің құнарлы сипаттары мен дәмдік қасиеттері арқасында Ресейдің мәскеулік нарығында премиум-класс өнімі ретінде жайғаса алатынын атап өтті.
«Crown Батыс» ЖШС еліміздің батыс өңірінде орналасқан, қазіргі заманғы бордақылау алаңы бар, инфрақұрылымы дамыған кәсіпорын. Нысан 2010 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілген, ЖШС өзіне 8 640 бас ІҚМ бір уақытта ұстау мүмкіндігі бар мал өсіру кешенін, тоңазытқыш жабдықтары бар (қуаттылығы бір ауысымда 120 бас ІҚМ) ет комбинатын және астық сақтау қоймасы бар қоспа жем зауытын қамтиды. Жоба құны 3 571,9 млн.теңгені құрайды, «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі құрамындағы еншілес компания «ҚазАгроӨнім» АҚ қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылды.