Алматыда «Тревел-экспресс» туристік фирмасының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасады деген екі күдікті ұсталды, деп хабарлады қалалық баспасөз қызетінің басшысы Ермек Болтаев.
Бейсенбі, 26 қыркүйек, сағат 9:30-да Алматының Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерiнiң қиылысында қаруланған белгiсiз екi ер адам әуе және темiр жол билеттерiн сатумен айналысатын «Тревел-экспресс» компаниясының екi қызметкерiне шабуыл жасаған. «Тревел-экспресс» компаниясының iшкi қауiпсiздiк қызметiнiң қызметкерлерi iрi көлемде ақша алып шыққан. Қарулы шабуыл кезiнде компания қызметкерлерiнiң бiрi (1965 жылы туған) оқиға орнында қаза тапты, екiншiсi (1971 жылы туған) ауыр жарақат алып, ауруханаға жөнелтiлдi. Күзетшiлер шабуылдаушыларға қарсы травматикалық тапаншамен атысып, қорғанған. Осы оқиға бойынша елiмiздiң Қылмыстық кодексiнiң 96-бабының 2-тармағымен (қасақана кiсi өлтiру) қылмыстық iс қозғалды.
«Жедел іздестіру шаралары барысында «Тревел-экспресс» компаниясының қызметкерлеріне шабуыл жасады деген екі күдікті ұсталды», - деді Болтаев.
Оның айтуынша ұсталғандардың бірі 1980 жылы туылған, екіншісі 1975 жылы туылған. Біреуі Алматы қаласында, екіншісі Бұрұндай ауылында ұсталды. Олардан қылмыс құралы – екі тапанша алынды.
«Ұсталғандар қылмысты мойындап, түсінік берді. Тергеу жүргізілуде», - деп атап өтті ІІД қызметкері.