Бүгін «А» басқарушы корпусы мемлекеттік қызметшілерімен өткен кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Елімізде көп этностың болуы тарихи мәселе. Халықтың ешқандай кінәсі жоқ. Осылай көпұлтты, көпэтносты ел болып отырмыз. Тәуелсіздік алған кезде қазақтың өзі елдің жартысы ғана болатын, ал сол қазақтың ішінде қазақша білмейтіндері қанша екенін өздеріңіз білесіздер. Үштен бірі шығар. Олардың да жазығы жоқ. Біздің ата-аналарымыз «орыстың тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың» деп тоқпақтап үйретті ол кезде. Ал енді оларды «шала қазақсың» деп кінәлауға бола ма? Болмайды, бәрі қазақ. Ал енді басқа ұлттардың адамдарын «қазақша сөйлемедің» деп кінәлауға бола ма? Болмайды. Солай ғой?! Сондықтан оны түсіне білу қажет», - деді Президент.
«Мен ылғи мемлекеттік тіл біздің негізгі тіліміз екенін айтамын. Конституцияда жазылған. Біз біртіндеп көшіп жатырмыз. Мектептерде оқытылып жатыр, балалар тез меңгереді. 2020-2025 жылға қарай, осы балалар өскен кезде, олар оқу орнына түседі, мемлекеттік қызметке келеді, сол кезде біз мемлекеттік тілді білуін талап етеміз», - деп ойын өрбітті Мемлекет басшысы.
Президент кезінде тілінен айырылып қала жаздаған қазақ халқының арманын, талпыныс-ұмтылысын дұрыс түсіну қажеттігіне тоқталды.
«Осындай политілділіктің посткеңестік кеңістікте тек Қазақстанда ғана сақталғанын қаперге ала жүріңдер. Украина, өзге де Кавказ елдері, тіпті біздің көршілеріміз де тек өздерінің мемлекеттік тілдерінде сөйлейді. Біз дұрыс жасап жатырмыз, өйткені білмейтіндер кінәлі емес. Біз елімізде ешкімге қысым жасамаймыз», - деп атап өтті Елбасы.
«Дегенмен, мысалы, дені қазақтар тұратын облыстарда, барлық құжат айналымын біртіндеп қазақшаға көшіру керек. Бұл облыстарда барлығы қазақ тілін біледі. Солтүстік, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында көп қазақтар тұратын жерлер бар. Солар сөйлей берсін. Десек те, қоғамдық сөзде синхрондық аударма болу қажет», - деді Н.Назарбаев.
Президент мемлекеттік тілді оқытуды дұрыс жүргізу керектігін қадап айтты. Әр қалада, әр ауданда осы жұмыс жасалуы шарт.
«Осы мәселе үнемі айтылады, осы орайда пікрімді айтып, өз позициямды жеткізгім келді», - деп сөзін түйіндеді Президент.
Дереккөз: bnews.kz