Атырау, 24 қараша 08:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Елбасы: Мемлекеттің ақшасын менен басқа санайтын адам жоқ па бұл елде?

2 440 просмотра

Бүгін ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы барсында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде салынып жатқан бірдей әлеуметтік нысандардың құрылысына түрлі көлемде қаржының жұмсалу себептеріне тиісті қадағалаушы органдарға назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бірдей мектептер, бірдей нысандардың әртүрлі қаражатқа салыну себебін біреу анықтады ма? Ақмола облысында 1200 орындық мектеп құрылысы 900 орындық мектепке қарағанда 219 млн теңгеге арзан түскен. Бұл қалай орын алып отыр, осыны түсіндіріңізші? Бір облыста, бір жерде бұл қалай болып отыр? Мұның барлығы табыс табу мақсатында қағазға жазыла салған. Сендер (әкімдер – агенттік ескерт.) қайда қарап отырсыңдар? Сендердің жұмыстарың осы ғой? Астықты жинап жатқан сен емес – фермерлер. Баяғыдай күнде-күнде мен қанша тонна жинадық деп отырған жоқпын. Мемлекет ақшасын берді, әлеуметтік жағдай, мектеп салу, аурухана салу керек. Қайда кетті мынау? 900 орындық мектеп құрылысы 1200 орындық мектепке қарағанда қымбат болып отыр", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасыны өз сөзінде Ақтөбе облысында бір жылдың ішінде бір аудандағы бірдей мектептердің құрылысындағы айырмашылық 130 млн теңгені құрағандығын мысалға келтірді.

"Мектеп құрылысының құнын қағазға жаза салады. Осы мәселені қаржы полициясы, есеп палатасы мен барлық қадағалаушы органдар тексеруі тиіс. Атырау облысында бірдей емханалардың құрылысындағы айырмашылық жарты миллиард теңгені құрайды. Екеуі бірдей. Ақша қайда кетті?", - деді Елбасы.

Президент әкімдерге бірдей әлеуметтік нысандар құрылысы құнының арасындағы айырмашылықты ескермей отырғандарын баса айтты.

"Мемлекеттің ақшасын менен басқа санайтын адам жоқ па бұл елде? Одан кейін облысқа қалай ақша беруге болады. Мұндай жағдайдан кейін ақша бере алмаймыз. Түрлі сараптамалар бар. Мен қанша рет типтік мектептердің құрылысын жүргізуді тапсырған болатынмын. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған", - деп ескертті Назарбаев.

Дереккөз: BNews.kz

11 қазан 2013, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.